Павлодар ауданында суармалы жерлердің көлемі ұлғайтылмақ

Павлодар ауданында суармалы жерлердің көлемі ұлғайтылмақ
Фото: Константин Шелков

Бұл жоспарды шаруалар келесі жылы жүзеге асырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауданда биыл 900 гектардан астам суармалы алқап енгізілді. Келесі жылы бұл көрсеткішті 1,5 мың гектарға дейін арттыру көзделіп отыр.

Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 80 миллиард теңгеден асты, өсім өткен жылмен салыстырғанда шамамен үш пайызды құрады.

Өсімдік шаруашылығы өнімі 40 миллиард теңгеден астам, мал шаруашылығы шамамен 38 миллиард теңге деңгейінде қалыптасты.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 118 мың гектарға егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда көбірек. Оның ішінде жиналатын алқап 95 мың гектардан асты, яғни шамамен 10 пайызға артты.

Егісті әртараптандыру нәтижесінде майлы дақылдардың көлемі ұлғайды. Күнбағыс алқабы 30 мың гектардан 36 мың гектарға көбейсе, картоп егісі 6,5 мың гектарға дейін ұлғайды.

– Орташа өнімділік дәнді дақылдар бойынша гектарына 12 центнер шамасында болды. Қазіргі уақытта күнбағыс жинау жұмыстары аяқталуға жақын, – деді Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев.

Қараша айының соңында Еуропадан 165 бас гольштейн-фриз тұқымды ірі-қара малдың алғашқы партиясы әкелінді. Жақын күндері тағы 330 бас әкелу жоспарланып отыр.