Павлодар бір күнге Қазақстанның киберспорт астанасына айналды

Павлодар бір күнге Қазақстанның киберспорт астанасына айналды
Фото: Константин Шелков

Павлодарда Counter-Strike бойынша ең ірі киберспорт турнирі – Pavlodar Ertis Cup 2026 өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жарыс Қазақстандағы ең ауқымды турнирлердің біріне айналды: іріктеу кезеңіне 260 команда қатысты. Үздік сегіз ұжым Павлодарға шақырылып, компьютерлік клубта плей-офф кезеңін өткізді. Ал турнирдің басты матчтары Ertis Promenade сахнасында ұйымдастырылды.

Турнир ұйымдастырушысы Сұлтанбек-Нұрсұлтан Төлеғалиевтің айтуынша, финалға екі команда шықты. NOVAQ сапында PGL Major Krakow 2017 чемпионы, Қазақстанның ең танымал Counter-Strike ойыншыларының бірі Дәурен AdreN Қыстаубаев өнер көрсетті. Қарсылас команда Runites құрамында Даниял Molodoy Голубенко ойнады.

Барлық матчтар YouTube пен Twitch платформаларында тікелей эфирде көрсетілді. Ертіс жағалауына жиналған көрермендер ойын барысын алаңға орнатылған LED-экрандар арқылы тамашалады.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, турнир павлодарлықтар үшін нағыз мерекеге айналды.

Мен Павлодардың тумасымын. Көптен бері басқа жақта тұрсам да, туған қаламды танытып, осындай турнирлерді ұйымдастыру – үлкен мәртебе. Павлодарға Қазақстанның әлем чемпиондарынан бастап, өңірлік жарыстардың жеңімпаздарына дейінгі танымал киберспортшылары келді. Осындай жоғары деңгейдегі ұйымдастыру болмаса, олардың көбі бұл қалаға келмес еді, – деді Сұлтанбек-Нұрсұлтан Төлеғалиев.

Финалдан бөлек, көрермендер үшін шоу-матч ұйымдастырылды. Оған Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков, әлемге танымал диджей Imanbek, қазақстандық Counter-Strike аңызы Дәурен AdreN Қыстаубаев, жас киберспортшы Әділ ShaLun Советов және «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Алдияр Жапарханов қатысты. Олар «Бәріне қарсы» атты қазақстандық құрамаға қарсы ойнады.

Көрермендердің ерекше назарын тоғыз жастағы ойыншы ShaLun аударды. Оның әкесі Әлім Советовтің айтуынша, Әділ Counter-Strike тарихындағы ең жас кәсіби ойыншылардың бірі. Сегіз жасында онымен Сербияда орналасқан халықаралық Aurora Gaming ұйымы келісімшарт жасаған.

Әкесінің сөзінше, Әділ шамамен бес жарым жасынан бастап ойын ойнайды және ірі халықаралық турнирлерге қатысып үлгерген. Соңғы бір жылда ол екі Major турниріне, Будапешт, Германия, Сербиядағы жарыстарға қатысып, Қазақстандағы турнирлерде тұрақты өнер көрсетіп келеді.

Мен оның агенті әрі менеджерімін. Жеке жаттықтырушысы да бар. Ұлым мерген рөлінде ойнайды және Counter-Strike Major турниріне қатысып, ойын ішіндегі жеке стикерге ие болуды армандайды. Бұл кәсіби ойыншылар үшін ең беделді марапаттардың бірі. Бұдан бөлек, Әділ бразилиялық джиу-джитсумен айналысады және Қазақстан чемпионы, – деді Әлім Советов.

Шоу-матч алдында Павлодар құрамында ойнаған Imanbek кездесудің жолдастық сипатта болғанына қарамастан, бар күшін салатынын айтты.

Өз әсерімен Дәурен AdreN Қыстаубаев та бөлісті.

Мұндай турнирлер бұрын да өткен, әсіресе ірі қалаларда. Бірақ дәл Павлодардың осындай үлкен сахнада осындай деңгейдегі жарысты қабылдағаны қуантады. Ең бастысы – жанкүйерлердің келіп, командаларды қолдауы. Бұл жастар мен жалпы киберспорттың дамуына серпін береді. Қазақстан ойыншылары әлемдік аренада бұрыннан жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал осындай турнирлер жаңа буын киберспортшылардың қалыптасуына ықпал етеді, – деді ол.

Шоу-матч барысында қатысушылар дәл мергендігімен, командалық үйлесімімен және әсерлі ойын сәттерімен көзге түсті. Жанкүйерлер әр сәтті әрекетті ду қол шапалақпен қарсы алып, ойыншылардың сәтсіздігіне бірге алаңдады. Тартысты кездесуде Павлодар командасы қарсыласын 15:13 есебімен жеңіп, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

Pavlodar Ertis Cup 2026 Қазақстандағы Counter-Strike тарихындағы ең айтулы турнирлердің біріне айналып, кәсіби қауымдастық пен жанкүйерлердің киберспортқа қызығушылығы артып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.