Павлодар кәсіпкерлеріне жаһандық нарыққа шығуға көмектеседі

Павлодар кәсіпкерлеріне жаһандық нарыққа шығуға көмектеседі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Байқауда қатысушылардың экспорт көлемі, өнімдегі жергілікті үлес және халықаралық марапаттары ескеріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлерге арнап «Ұлы дала елі» зонттық брендін пайдалану құқығын беруге арналған конкурсқа өтінімдер қабылдауды бастады. Бұл бастаманың басты мақсаты – қазақстандық компаниялардың сапалы өнімдерін экспорт кезінде ілгерілетіп, елдің халықаралық аренадағы танымалдығын арттыру.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбеновтың айтуынша, «Ұлы дала елі» зонттық бренді халықаралық нарықтарда Қазақстанның атын асқақтатып жүрген үздік отандық тауар өндірушілерге беріледі. 

Конкурсқа қатысу үшін кәсіпкерлер алты негізгі критерийге сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, бір өнім түрінің жалпы өндіріс көлемінен экспорт кемінде 10 пайызды құрауы қажет. Екіншіден, тауар өндіруде немесе қызмет көрсетуде жергілікті үлес 30 пайыздан төмен болмауы шарт. Үшіншіден, компания халықаралық бизнес-қоғамдастықтардың мүшесі болуы тиіс. Сонымен қатар, қажетті лицензиялар, рұқсаттар, патенттердің болуы және халықаралық марапаттар мен дипломдарды ұсыну талап етіледі. Сондай-ақ, сауда белгісінің танымалдығы мен компанияның жағымды имиджіне де назар аударылады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Конкурсқа нарықта кемінде үш жыл жұмыс істеп келе жатқан, банкроттық сатысында емес, сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылар қатарына кірмейтін кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Өтінімдер 15 қыркүйекке дейін https://altynsapa.kz/ ресми сайты арқылы онлайн қабылданады. Конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 31 желтоқсаннан кешіктірілмей салтанатты жағдайда өтеді.