«Павлодар кедендік ресімдеу орталығы» бекеті үздік атанды
Мекеме қоғамдық жобаларға қосқан үлесі үшін марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті тұтынушыға бағытталған кедендік әкімшілендіруді дамыту, бақылау тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызмет стандарттарын нығайту мақсатында жыл сайынғы «Үздік кеден бекеті» акциясының қорытындысын шығарды.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, «Павлодар кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекеті «Қоғамдық жобаларға қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы атанды.
Бекеттің кәсіби тиімділігі жоғары деңгейде.
– Мәселен, 2025 жылдың толық емес кезеңінде кеден бекетінде сегіз мыңға жуық тауар декларациясы рәсімделген. Сонымен қатар, мемлекет кірісіне қосымша 300 миллион теңге резерв өндіріліп, кедендік төлемдер мен салықтар бойынша болжамды жоспар мезгілінен бұрын орындалған, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, жеңіске жетуге тек кәсіби көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар ұжымның белсенді қоғамдық қызметі де ықпал етті. Кеден бекетінің қызметкерлері департаменттің қоғамдық және спорттық өміріне үнемі қатысып келеді. Олар жыл сайын Балаларды қорғау күніне орай балаларға арнап байқаулар мен мерекелік бағдарламалар ұйымдастырады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай өз бастамаларымен Мәңгілік отқа гүл шоқтарын қойып, ерлік көрсеткен батырларды еске алған.