Павлодар маңындағы кентте жаңа жанармай құю кешені ашылды
Жол бойындағы нысанда кафе, автотұрақ және электр көліктерін қуаттау станциялары қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кенжекөл ауылында Qazaq Oil жанармай құю станциясының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға ауыл әкімі қатысып, жаңа нысанның жергілікті инфрақұрылымды дамытудағы маңызын атап өтті.
Ауыл әкімдігінің мәліметінше, жол бойындағы кешен жүргізушілер мен жолаушыларға бірнеше қызмет түрін ұсынады.
Жаңа нысанның аумағында жанармай құю станциясы, кафе, автотұрақ және электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары орналасқан. Сондай-ақ заманауи цифрлық сервистер қарастырылған.
Алдағы уақытта кешен құрамында қонақүй ашу жоспарланып отыр.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Жаңа нысанның іске қосылуы Кенжекөл ауылында қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.