Павлодар мейрамханасында жаппай улануға қатысты қылмыстық іс ашылды

67 қонаққа медициналық көмек қажет болды. Олардың көпшілігінде сальмонелла энтериті расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс прокуратурасы ҚР ҚК 304-бабының бірінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады – «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына, ауру жұқтыруына, сәулеленуіне немесе улануына әкеп соққан бұзу».
Бап екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды көздейді.
Естеріңізге сала кетейік, 7 маусымда Bellagio банкет залында қыз ұзатуға барған 20-дан астам адам өздерін нашар сезінді. 8 маусымда да сол мекемеде тағы бір мерейтой өтіп, бірнеше қонақ уланды.
Сыртқы орта объектілерінен шайындыларды микробиологиялық зерттеу нәтижесінде металл ас үй ыдыстарынан сальмонелла табылған. Сондай-ақ пісіруге арналған табақтан алтын түсті стафилококк, жабдықтар мен ыдыс-аяқтардың шайындыларында бактерия ішек тобының таяқшалары анықталды.
Бұл ретте Bellagio ұжымы өзінің Instagram парақшасында мейрамхана жабылатынын және қызметкерлер таратылатынын жариялады. Банкет залының өкілдері мереке өткізгендердің барлығына алғыстарын білдірді.