Вирджиния университетінің түлегі Железинде жүгері өсіруді дамытуда
«КАБ» шаруа қожалығы биыл тәжірибе ретінде 20 гектарға бір жылдық дақылдардың бірі – жүгері өсіруді қолға алған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Железин ауданына жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының депутаты Ернұр Әйткенов бұл ретте Жаркент өңірінің төл өнімі саналатын жүгері өсіру тәжірибесін үлгі ретінде келтірді.
– Қызылшамен салыстырғанда жүгеріден көбірек қант алынады. Ол жақта бірнеше жылдан бері жүгері егіп, өңдейді және қант пен шәрбат шығарады. Бұл өнімдерді асханада кеңінен қолданады және шетелге әкетіп жатады, – деді Ернұр Әйткенов.
«КАБ» шаруа қожалығының басшысы Тимур Қабдулов бұл істе әзірге тәжірибе аз екенін атап өтті.
– Биыл 20 гектар алқапқа жүгері егілді. Күнбағыс тәрізді жүгеріні де қараша айына дейін қалдыруды көздеп отырмыз. Былтыр жақсы өнім берді, алты-сегіз тоннадай жиналды. Тіпті, он тоннаға дейін жеткізуге болады деп ойлаймын, – дейді Тимур Қабдулов.
Бұдан бөлек, шаруа қожалығында 300 гектардан астам алқапқа картоп отырғызылған.
«КАБ» шаруа қожалығының басшысы Тимур Қабдулов – микробиолог, иммунолог. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология факультетінде, Ресей Ғылым академиясының аспирантурасында, Шемякин және Овчинников атындағы биоорганикалық химия институтында, сондай-ақ АҚШ-тың Батыс Вирджиния университеті медицина факультетінің микробиология және иммунология кафедрасында білім алған.
Шаруа қожалығы 2018 жылы құрылған және өңірдегі озық шаруашылықтардың бірі болып табылады. Картоп, пияз, сәбіз өсіреді. Өндірістік үй-жайлар мен базалар, қажетті ауыл шаруашылығы техникасы бар.
Парламент Сенатының депутаттары Алтынбек Нұхұлы мен Ернұр Әйткенов Тереңкөл ауданында бірқатар инфрақұрылымдық нысандардың іске асырылу барысымен танысады.