Павлодар облысы қысқы төтенше жағдайларға толық дайын

Павлодар облысы қысқы төтенше жағдайларға толық дайын
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар аяз кезінде апатқа ұшырағанда не істеу керектігі жөніндегі алгоритммен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою үшін 2 212 адам мен 1 073 техника жұмылдырылады. Облыс бойынша 189 жылыту пункті әзірленіп, республикалық маңызы бар автожолдардың қысқы күтіп-ұстауға дайындығы 100 пайызға жеткізілді.

Павлодар облысында 2026–2027 жылдардағы қысқы кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою бойынша дайындық жұмыстары аяқталды. Бұл туралы өңірлік брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Қизат Жақыпов мәлімдеді.

Қарлы боран, қатты жел, көктайғақ, көрінудің нашарлауы мен температураның күрт төмендеуі қыс мезгіліндегі негізгі қауіптердің қатарында. Осындай жағдайларда әрекет ету үшін облыста азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының 2 212 адамнан және 1 073 техникадан тұратын күш-құралдар тобы жасақталған. Оның ішінде 421 қар тазалайтын, 313 инженерлік, 119 эвакуациялық және 220 жоғары өтімді өзге техника бар.

Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерінде 180 техника, оның ішінде жоғары өтімді 51 техника дайындалған. Қиын жағдайда қалған адамдарды құтқару және қолжетімділігі қиын аумақтарда жұмыс жүргізу үшін арнайы техникамен қатар «Сибэкс» аэрокемесі де пайдалануға әзір. Сондай-ақ ықтимал авариялық жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған 78 жылу зеңбірегі резервке қойылған.

Қысқы кезеңде жолда қалып қойған тұрғындарды қабылдау үшін облыс бойынша 179 жылыту пункті дайындалды. Оларға қосымша жол пайдалану басқармаларының 10 нысаны да осы мақсатта пайдаланылатын болады. Осылайша, өңірде жалпы сыйымдылығы 15 мыңнан астам адамды құрайтын 189 жылыту пункті бар. Оларда 2 887 төсек-орын қарастырылған.

Қысқы қауіпсіздіктің маңызды бағыттарының бірі – автожолдардың дайындығы. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, Павлодар облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1 663 шақырымды құрайды. Оларды қысқы күтіп-ұстауға 307 жол жұмысшысы мен 118 арнайы техника жұмылдырылады. Биыл автопарк қосымша 15 техникамен толықты: алты автогрейдер, сегіз тиегіш және бір шнекоротор сатып алынған.

Жол қызметтері қысқы маусымға қажетті материалдарды да әзірледі. Қорда 13 723 текше метр құм, 3 075 текше метр елек қалдығы, 4 629 тонна техникалық тұз, 1 904 тонна көмір және 2 620 погон метр ағаш қар тоқтатқыш қалқан бар. Бұдан бөлек, 14 өндірістік база мен 10 жылыту пункті дайындалған.

Қысқы кезеңге дайындық аясында жолдардың бойындағы шөп шабу, бұталар мен ұсақ ағаштарды тазарту, шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол қауіпсіздігін арттыру үшін 572 жол белгісі орнатылып, ауыстырылды, 6,3 мың шақырым жолға таңба түсірілді, 77 стробоскоп орнатылды.

Өткен жылдардың тәжірибесі негізінде республикалық маңызы бар жолдарда қар басу қаупі бар 138 учаске анықталған. Олардың жалпы ұзындығы – 170,53 шақырым. Бұл аумақтарда қар тоқтататын траншеялар мен жалдар жасау, қорғаныш қалқандар орнату жұмыстары қарастырылған. Жол қызметтерінің мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдардың қысқы кезеңге дайындығы бүгінгі таңда 100 пайызды құрайды. Мамандар тәулік бойы бекітілген бағыттарды патрульдеп, ауа райы күрт нашарлаған жағдайда алдын алу шараларын қабылдайды.

Қолайсыз метеожағдайлар кезінде жол қозғалысын шектеу немесе автожолдарды жабу туралы шешім Төтенше жағдайлар департаменті және полицияның әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп қабылданады. Жүргізушілерге қозғалыстың шектелгені немесе қайта ашылғаны туралы 112 қызметінен SMS-хабарламалар, сондай-ақ «ҚазАвтоЖолдың» ресми интернет-ресурсы мен әлеуметтік желілері арқылы ақпарат беріледі.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға қыс мезгілінде алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын тексеруді, көліктің техникалық жарамдылығына көз жеткізуді және жанармай қорын толықтыруды ұсынады. Жүргізушілердің өзімен бірге жылы киім, күрек, сүйреу арқаны, дәрі қобдишасы, су, құрғақ азық-түлік және қуатталған байланыс құралдары болуы қажет.

Егер көлік қар құрсауында қалса немесе жолда бұзылса, боран кезінде жаяу жол іздеп кетуге болмайды. Көлікте қалып, апаттық шамды қосып, 112 нөміріне хабарласу керек. Қозғалтқыш жұмыс істеп тұрған кезде пайдаланылған газ шығатын құбырды қардан үнемі тазалап отыру маңызды. Бұл салонға улы газдың таралуына жол бермейді.

Қараша айында өңірде азаматтық қорғау күштері мен басқару органдарының дайындығын тексеруге арналған «Қыс-2026» облыстық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған. Қысқы кезеңдегі қауіпсіздік мәселелері Төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында болады.