Павлодар облысы ауа райының күрт жылынуы жағдайында су тасқынына дайындалуда

Павлодар облысы ауа райының күрт жылынуы жағдайында су тасқынына дайындалуда
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Облыс әкімі Асайын Байханов су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша жедел жиналыс өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Видеоконференция форматында өткен жиналысқа қалалар мен аудан әкімдері, төтенше жағдайлар департаменті және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. 

21 наурыздан бастап өңірде ауа райының күрт жылынуы болжануда: күндізгі ауа температурасы +16 °C-қа дейін, ал түнгі температура +4 °C-қа дейін көтеріледі. Қазірдің өзінде облыстың оңтүстік аудандарында қар еру процесі белсенді жүріп жатыр, бұл су тасқыны мен су басу қаупін арттырады. 

- Біз қар еру процесінің жылдам жүріп жатқанын көріп отырмыз. Барлық іс-шараларды үйлестіру, алдын алу шараларын күшейту және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажет, - деді облыс әкімі. 

Жедел әрекет ету үшін 17 наурыздан бастап төтенше жағдайлар департаментінің қосымша күштері мен құралдары Баянауыл ауданына жеткізілді. Сондай-ақ, Екібастұз қаласының Шідерті ауылына қуаттылығы 150 л/с болатын тіркемелі мотопомпа жөнелтілді. Ақтоғай ауданындағы Сілеті өзенінде мұз кептелісінің алдын алу үшін арнайы жедел топ құрылды: қызметкерлер, техникалар, жүзу құралдары және дрон. 18 наурыздан бастап Сілеті өзенінде жалпы ауданы 1000 шаршы метр болатын үш учаскеде жарылыс жұмыстары жүргізілді. 19 наурыздан бастап Сілеті су қоймасынан санитарлық су жіберулер басталды: су жіберу көлемі 2 м³/секундтан 31 м³/сек дейін ұлғайтылды. 

Облыс әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді: аудандық және қалалық қызметтердің төтенше жағдайлар департаменті және облыс әкімдігімен жұмысын үйлестіру, қауіпті учаскелерді тәулік бойы бақылау, инженерлік техниканың және жедел әрекет ету топтарының дайын болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру. 

- Су тасқыны кезінде тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуді және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын талап етемін. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек және жұмыстарды барынша жылдам жүргізуіміз қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов. 

Инженерлік техника тәулік бойы дайындық режиміне көшірілді. Павлодар облысының гарнизоны азаматтық қорғау жүйесінің жоғары дайындық режиміне ауыстырылды