Тайқазанның түпнұсқаға ұқсас түрі Баянауылда бой көтерді

Тайқазанның түпнұсқаға ұқсас түрі Баянауылда бой көтерді
Фото: баспасөз қызметінен

Жәдігерді Түркістан қаласы қасиетті өлкеге арнайы сыйлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығының алаңында киелі Түркістаннан тарту етілген Тайқазан көшірмесі салтанатты түрде ашылды. Баянауыл төріне Түркістан қаласынан қасиетті Тайқазанның макеті сыйға тартылып, арнайы орынға қойылды. Жәдігер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған түпнұсқаның көлемі мен өлшемдеріне сәйкес жасалған.

Макеттің биіктігі – 158,3 сантиметр, ернеуінің диаметрі – 243,4 сантиметр. Салмағы екі тоннаға жуық болса, сыйымдылығы үш мың литрді құрайды.

Тайқазанның ашылу рәсіміне Түркістаннан арнайы өкілдер келді. Құрамында зиялы қауым өкілдері, қалалық және облыстық ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің жетекшілері, мәдениет саласының мамандары және ғалымдары болды.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, делегация жетекшісі Мадияр Әліпов шаһар әкімі Әзімбек Пазылбекұлының сәлемін жеткізіп, Баянауыл ауданына жолдаған құттықтау хатын оқыды.

– Бұл бастама екі өңір арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тарихи-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға жол ашады. Тайқазан бауырлас аймақтардың достығы мен өзара сыйластығының белгісіне айналады, – деді Мадияр Әліпов.

Салтанатты жиында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырожин мен аудан әкімі Ардақ Ксентаев қонақтарға ризашылықтарын білдірді.

Түркістандық ақсақалдар атынан Есенәлімұрат Ізтілеуов пен Қыдыралі Рысбеков ақ батасын берді. Айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков жырдан шашу шашып, қос аймақтың рухани сабақтастығының маңызын атап өтті.

Шараға Марғұлан университетінің ректоры, академик, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Алтынбек Нухұлы бастаған делегация арнайы қатысты.

Қасиетті жәдігердің Баянауылда бой көтеруі екі өңірдің тарихи-мәдени байланысын одан әрі нығайтуға бағытталған. Түркістан қаласының бұл тартуы бауырлас аймақтар арасындағы ынтымақтастықтың кезекті көрінісі болды.

Айта кетейік, бұған дейін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қоғам қайраткері, кәсіпкер, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Марат Ізбастиннің қолдауымен Баянауылдан Түркістанға 50 түп қарағай көшеті жөнелтілген еді. Көгалдандыру жұмыстары барысында Түркістан облысының табиғат жанашырлары жас көшеттерді облыс орталығындағы «Заң мен тәртіп» саябағына отырғызды.