Павлодар облысы елдің барлық өнеркәсіптік өндіріснің небары 7 пайызын құрайды
Өңірдегі кәсіпорындардың өнімдері жыл сайын 40-тан астам елге экспортталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нұркимбаев мәлімдеді.
– Павлодар облысына елдің өнеркәсіптік өндірісінің барлық көлемінің жеті пайызы тиесілі. Өңірде 1235 кәсіпорын жұмыс істейді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша өңір Қазақстанда төртінші орында, өңдеу бойынша екінші орында тұр. Сонымен қатар, өңдеуші сектор кәсіпорындары өңдеуші өнеркәсіптің республикалық көлемінің шамамен он пайызын қамтамасыз етеді. Олар бір жарым миллиард теңгеден астам өнім шығарды,– деді Сағыныш Нұркимбаев.
Облыста өнеркәсіп өндірісінің 30-ға жуық саласы дамуда. Олардың ішінде металлургия, машина жасау, мұнай-химия, құрылыс және энергетика саласы басымдыққа ие.
Спикердің айтуынша, кәсіпорындар шығындардың жекелеген түрлерін өтеуді белсенді пайдаланады.
– Бұл еңбек өнімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Шетелдік сарапшыларды тарту, шетелде инженерлік-техникалық және өндірістік персоналдың біліктілігін арттыру шығындарын өтеуге болады. Кәсіпорындар шетелдік жұмыс күшін тартады. Мысалы, ҚХР мен Еуропадан жиі келеді. Әрбір кәсіпорын жоғары білікті мамандарды шақырады. Әрі қарай олар шығындарды өтеуге өтініш бере алады,– деді ол.
Павлодар кәсіпорындарының өнімдері жыл сайын әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады. Оны Sanyo, Hitachi, Hyundai, Posco, ThyssenKrupp, ArcelorMittal сияқты әлемдік брендтер пайдаланады. Сонымен қатар, легирленбеген алюминий Еуропа елдеріне белгілі автомобиль маркаларының шанақ бөлшектерін шығару үшін жеткізіледі.
– Менің білуімше, BMW, Mercedes – Benz, Audi біздің алюминийді пайдаланады. Пандемия кезінде Еуропаға жасалатын сауда дәлізі бұзылды. Әкімдікпен және индустрия және инновациялық даму министрлігімен бірлесіп жаңа транзиттер пысықталды. Жаңа бағыттарды іздеу керек болды,– дейді Сағыныш Нұркимбаев.
Ақсу ферроқорытпалары Жапония мен Оңтүстік Кореяда қолданылады.
Павлодарлық экспорттаушыларға 2022 жылы 44,6 миллиард теңгеге қаржылық-сақтандыру қолдауы көрсетілді. Бұл облыс кәсіпорындарына көрсетілген сақтандыру қолдауының көлемі бойынша "KazakhExport" портфеліндегі бірінші орын.
Фото:Өңірлік коммуникациялар қызметі