Павлодар облысына шымкенттік театр гастрольдік сапарымен келеді

Бұл театрдың жазғы демалыстан кейінгі алғашқы сапары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма теары труппасының меңгерушісі Ерлан Тәшімбетовтің айтуынша, гастроль Павлодар өңірінен басталуы тегін емес. Өйткені, театрға есімі берілген Жұмат Шанин осы өңірдің тумасы.
27-28 қыркүйек күндері театр ұжымы Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театрында екі күн қатарынан өнер көрсетеді. 27 қыркүйекте көрермендерге Жұмат Шаниннің өмір жолын бейнелейтін «Атжалман батыр» қойылымы ұсынылса, ал 28 қыркүйекте балалар үйінің тәрбиеленушілерінің тағдырын суреттейтін әсерлі «Тастамашы, ана!» спектаклі сахналанады.
– Павлодар қаласынан кейін театр ұжымы Баянауыл ауданында өнер көрсетеді. Мұнда да көрермендерге «Атжалман батыр» мен «Тастамашы, ана!» қойылымдары ұсынылады. Сапардың келесі бағыты – Екібастұз қаласы, 3 қазан күні мұнда тек «Тастамашы, ана!» спектаклі қойылымын ұсынамыз, – деді Ерлан Тәшімбетов.
Гастрольдік сапардың соңғы нүктесі елордада қойылмақ. 4-5 қазан күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Ұлттық қазақ музыкалық драма театры сахнасында «Шымнан шуақ» сапарының қорытынды қойылымдары өтеді.
– Театр әкімшілігі, актерлер және техникалық мамандардан құралған 48 адамнан тұратын топ келеді. Қойылымдардың бір бөлігі тірі музыкалық сүйемелдеумен өтсе, кейбірінде арнайы аппараттар қолданылады. Ұжым гастрольге қажетті аппаратураны алдын ала тексеріп, Аймауытов театрының мүмкіндіктерімен келісіп қойған, – деді Ерлан Тәшімбетов.
Қойылым билеттерін Аймауытов атындағы театрдың кассасынан қолма-қол, немесе Ticketon.kz сайтынан онлайн сатып алуға болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, билеттер саны шектеулі.
Осылайша, шымкенттік театр ұжымы Павлодар облысының тұрғындарына Жұмат Шаниннің өмірін арқау еткен қойылымды, жетімдер тағдыры туралы әсерлі драманы ұсынып, өнерсүйер қауымға ерекше мәдени мереке сыйламақ.