Павлодар облысынан Ресей аумағына көшкен орман өртіне кінәлі адам анықталды
Ол адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов мәлім етті.
Еске салайық, 13 сәуір күні сағат 12:50-де «101» пультіне «Ертіс орманы» резерватындағы Бәйімбет орманшылығында орман қоры жанып жатқаны туралы хабар түсіп, кейіннен өрт Ресей федерациясының аумағына көшкен болатын.
- Бәйімбет орманшылығында құрғақ шөп пен қарағай жанды. Өрт шамамен 200 гектар аумақты қамтыды. Біз кінәлі адамды анықтадық. Қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін материал полицияға жіберілді. Полиция департаменті қылмыстық іс ашты, - деді Қайрат Шаймарденов.
Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, өрт шыққан кезде Аққулы ауданы ТЖ бөлімі қызметкерлері жылдам оқиға орнына барған. Өрттің шыққан алғашқы ошағын анықтау арқылы кінәлі адамды тапқан.
- Сонда жүрген адам сөндірілмеген темекі тұқылын тастаған. Содан от шыққан. Оған қоса, ол адамның сол жерде жүргенін нақтылаған куәгерлер де бар. Қызметкерлер ол адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Оқиға орнында өрттің темекі тұқылынан болғаны анық көрінеді, - деді Қайрат Шаймарденов.
Айта кетейік, аталған өрттің сөндіруге орман шаруашылығы қызметкерлерінен 92 адам, 24 бірлік техника және Павлодар облысы ТЖД жеке құрамының 25 адамы және 6 бірлік техника жұмылдырылған болатын.
Фото: ашық дереккөздерден