Павлодар облысында құрылыс қалдықтарын қабылдайтын қоқыс полигоны тапшы

Павлодар облысында құрылыс қалдықтарын қабылдайтын қоқыс полигоны тапшы
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Заңсыз полигонға қоқыс тастаушылар жауапқа тартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әсет Сыздықов «Таза Қазақстан экологиялық жобасын жүзеге асыру туралы» баяндама жасады.

–  «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы тұрақты түрде жалғасып, оған 300 мыңнан астам адам тартылады, – дейді ол.

Оның айтуынша, экологиялық іс-шаралар тұжырымдамасын іске асыру қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, халықтың экологиялық санасын қалыптастыруға және азаматтарды, әсіресе жастарды табиғатты қорғау қызметіне тартуға бағытталған.

Алайда, заңсыз қоқыс полигондарының саны азайған емес. Олардың барлығы да абаттандыру ережелерінің бұзылуы мен қоғамдық орындарда тазалық нормаларының сақталмауымен байланысты.

–  Бұл бағыттағы профилактикалық шаралар күн сайын тұрақты түрде жүргізілуде, – дейді ол.

Дегенмен де өңірде үш жерде ғана қатты және ірі көлемді құрылыс қалдықтарын қабылдайтын арнайы қоқыс полигоны бар. Қазіргі қолданыстағы қалалық полигон тек тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға арналған. Осыған байланысты құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындар, ұйымдар мен қарапайым тұрғындар құрылыс қалдықтарын қаланың шет аймақтарына төгуге мәжбүр.

–  Осы бағытта тиісті іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Құқық бұзушылар анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді Әсет Сыздықов.

Ол жергілікті әкімшілік органдарымен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар өткізетінін жеткізді.