Павлодар облысында құтқарушылар жоғалған балықшының денесін тапты

Павлодар облысында құтқарушылар жоғалған балықшының денесін тапты
Фото: Константин Шелков

Іздестіру жұмыстары үш тәулікке созылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ТЖД қызметкерлерінің мәліметінше, 3 мамыр күні Шиқылдақ ауылы маңында, академик Сәтбаев атындағы канал учаскесінде 1963 жылы туған ер адам жоғалып кеткен. Ол досымен бірге балық аулауға кетіп, кейін байланысқа шықпай қалған.

Оқиға орнына Екібастұзда орналасқан жедел-құтқару жасағының күштері барды. Құтқарушылар арнайы жабдықталған моторлы қайықпен су айдынын тексеріп, кинологиялық есептоппен бірге жағалау бойын да қарастырды.

Әуеден жүргізілген мониторинг кезінде ұшқышсыз ұшу аппараты резеңке қайықты анықтады. Кейін су астына түскен құтқарушылар шамамен бес метр тереңдіктен ер адамның денесін тапты. Ол құтқару кеудешесінсіз болған.

– Марқұмның денесі Екібастұз қаласының полициясына тапсырылды, – деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Думан Қыдырмоллаев.

Құтқарушылардың айтуынша, жыл басынан бері өңірде екі мыңнан астам рейдтік іс-шара, соның ішінде түнгі патрульдер жүргізілген. Халыққа судағы қауіпсіздік ережелері бойынша 13 мыңнан астам жадынама таратылған.

Соған қарамастан, мамандар қауіпсіздік мәселесі әлі де өзекті екенін айтады.

– Құтқару бөлімшелерінің жұмысының нәтижесінде биыл судан тоғыз адам, оның ішінде үш бала құтқарылды, – деді департамент өкілі.

Өткен жылы өңірде су айдындарында 14 адам қаза тапқан болса, оның ішінде екі бала бар. Ал 2024 жылы 11 адам көз жұмып, жеті адам құтқарылған.

Еске салайық, Усолка ықшам ауданын патрульдеу кезінде құтқарушылар байдаркамен аударылған әкесі мен баласын анықтаған. Екеуі де құтқару жилетін кигендіктен, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.

Сондай-ақ Ертіс жағалауында кәмелетке толмаған балалар ересектердің қарауынсыз жүрген жерінен табылып, құтқару бөліміне жеткізілген. Олардың ата-аналарына 7 АЕК немесе 30 250 тенге көлемінде айыппұл салынды.