Павлодар облысында қатты желдің салдарын жою жұмыстары жүргізілуде
Өңірде тоғыз елді мекен электр қуатынсыз қалды, бұл – 511 абонент, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте Павлодар облысы ТЖД басшысы Рустамбек Әмрин баяндады.
Аймақта болжанған 30 м/с дейінгі екпінді жел, найзағай және бұршақ туралы тұрғындарға SMS-хабарламалар мен әлеуметтік желілер арқылы алдын ала ескерту жасалған.
– Желдің күшеюі салдарынан, кей жерлерде оның екпіні 33 м/с-қа дейін жетті, 112 қызметіне шатырдың ұшып кетуі бойынша 29 хабарлама түсті, – деді Рустамбек Әмрин. – Оқиғалар облыстың жеті қаласы мен ауданында тіркелді. Ақтоғай ауданында 1985 жылы туған әйел зардап шекті.
Сондай-ақ 112 желісіне электр желілерінің зақымдануы туралы хабарламалар түсті. Жалпы 36 елді мекен, яғни 4731 абонент жарықсыз қалды.
– Қазіргі уақытта тоғыз елді мекен электр қуатынсыз қалып отыр, жөндеу бригадалары жұмыс істеуде, – деді ол. – Бұл жағдайлар жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай критерийлеріне жатады.
Облыс әкімі қолайсыз ауа-райы салдарын толық жоюды, жағдайды бақылауда ұстауды және қалпына келтіру жұмыстарын жедел аяқтауды тапсырды.
Еске салайық, Ақтоғай ауданында 41 жастағы әйел адамның үстіне тұрғын үй шатырының шифері құлаған. Зардап шеккен әйел бет-жағы жарақаттанып, аудандық ауруханаға жеткізілген, кейін Павлодар қалалық №1 ауруханасының жақ-бет хирургия бөлімшесіне ауыстырылған.