Павлодар облысында жазғы уақытта балалардың қауіпсіздігіне ерекше ден қойылады

Маңызды сұрақ бойынша Асайын Байханов алаңдаулы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында аймақ басшысы білім басқармасының басшысынан лагерьлерге қатысты тәуекелдің бар-жоғын сұрады. Самал Айтқазина екі ауданда мәселе бар екенін жасырмайды, алайда дабыл қағатын проблема жоқ.
– Май ауданында жағажайда су көтерілуіне байланысты тәуекел бар. Сондықтан «Ақжелкен» лагері кешірек ашылатын болады.
Сондай-ақ, Жоламан ауылында орналасқан «Ақтоғай» жазғы сауықтыру лагері ол жердегі су көтерілуіне байланысты кеш ашылады. Олардың ашылуын 25 маусымға жоспарлап отырмыз, – деді Самал Айтқазина.
Басқарма басшысы Баянауыл, Ақтоғай, Май, Тереңкөл аудандарының лагерьлеріне барып, жіті тексеріп шықты. Ал қалған лагерьлерге 24-25 мамыр күндері барып, аралайды.
– Барлығын – ата-аналарды, мұғалімдерді, ұстаздарды алаңдататын сұрақ ол – балалардың қауіпсіздігі. Қауіпсіздік өте кешенді, кең бір сұрақ. Ұйықтайтын орыннан бастап, бос уақытты қалай өткізеді содан кейін денсаулыққа зиян келтірмейтіндей асханада дайындалып жатқан тағамдардың қауіпсіздігіне дейін жағдай жасау, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі мемлекет бойынша басқа аймақтардың лагерьлердің дәретханасына балалар түсіп кететін жағдайды да еске түсірді. Оның айтуынша, Павлодар облысында қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін тексерістерді мұқият жүргізу керектігін айтты.
– Бірінші кезекте аудан, қала әкімдері балалар демалатын лагерьлерді осы аптаның аяғына дейін барып, өз көздерімен көріп, содан кейін жазбаша түрде облыс әкімінің аппаратына 20 мамырға дейін баяндасын. Әкімдер орынбасарларына жүктемей, өздеріңіз барыңыздар. Жалпы балалардың жазғы уақытта демалысы, олардың қауіпсіздігі аудан, қала әкімдерінің жеке бақылауында болуы керек, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Айта кетейік, былтырғы жылы бюджеттің қаражаты есебінен біршама лагерьлердің жағдайлары жақсартылды. Биыл жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 52 миллион қаражат бөлінді.