Павлодар облысында өндірістік тәуекелдер цифрлық жүйе арқылы бақыланады

Павлодар облысында өндірістік тәуекелдер цифрлық жүйе арқылы бақыланады
Фото: Константин Шелков

Бұл жүйе әлеуетті қауіпті кәсіпорындарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы белсенді түрде қолданылып келеді. Ол кәсіпорындар туралы деректерді талдап, қай жерде жазатайым оқиғалардың болу ықтималдығы жоғары екенін анықтауға көмектеседі.

Мониторинг 18 мыңнан астам кәсіпорынды қамтиды. Жиналған ақпарат негізінде цифрлық жүйе оларды тәуекел деңгейі бойынша – төменнен жоғарыға дейін автоматты түрде жіктейді. Ерекше бақылауда 152 кәсіпорын бар: олардың 61-і жоғары тәуекел санатына жатса, тағы 91-і – орташа деңгейде.

Павлодар облысы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыровтың айтуынша, бұл жүйе заңбұзушылықтарды өздігінен жоймайды, тек оларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

– Жүйені енгіздік те, көрсеткіштер бірден төмендеді деуге болмайды. Ол проблемалық тұстарды көрсетеді. Ал әрі қарай бәрі кәсіпорындардың қандай шара қабылдайтынына байланысты, – деді ол.

Кәсіпорын «тәуекел аймағына» түскеннен кейін онымен нысаналы түрде жұмыс жүргізіледі. Ең алдымен алдын алу шараларына басымдық беріледі.

Ведомство мәліметінше, мұндай кәсіпорындарға нақты бұзушылықтар көрсетілген хабарламалар жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осыдан кейін жұмыс берушілер мәселелерді өздері жойып, қауіпсіздік бақылауын күшейтуі тиіс.

Сонымен қатар, жағдай тексерулер мен тергеулер нәтижелері бойынша бағаланады. Егер заңбұзушылықтар расталса, нұсқамалар беріледі, ал әрбір жазатайым оқиға бойынша оның қайталануына жол бермеу үшін шаралар әзірленеді.

Осылайша, цифрлық жүйе өндірістік жарақаттанудың алдын алудың тиімді құралына айналуда. Ол бақылауды алмастырмайды, бірақ ең осал кәсіпорындарға назар аударып, тәуекелдермен алдын ала жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында Павлодар облысында нөлдік жарақаттану тұжырымдамасы енгізілуде. Қазіргі таңда оны өңірдің ондаған кәсіпорны қолдануда.