Павлодар облысында 15 маусымнан бастап суыр аулауға рұқсат беріледі

Павлодар облысында 15 маусымнан бастап суыр аулауға рұқсат беріледі
Фото: pixabay.com/kasabubu

Аң аулау мерзімдері ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

– Өңір аумағында байбақ суырларын 2025 жылғы 15 маусымнан бастап жатқанға дейін аулауға рұқсат етілген, – дейді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында. 

Суырды аулауға рұқсат берілген аңшылық шаруашылықтар: Ақтоғай ауданында орналасқан «Ивановское», «Разумовское»; Баянауыл ауданында – «Южное», «Жаңа жол», «Ұзынбұлақ», «Баянауыл»; Ертіс ауданында – «Панфиловское» және Екібастұз қаласында – «Бозшкөл», «Екібастұзское».

2025 жылға аңшылық шаруашылық субъектілерінің өтінімдері бойынша суырды аулауға бөлінген квота 1985 басты құрады. Суырдың ареалындағы жалпы саны – 117 мың дарақты құрады.

Суырды аулауға жолдамалар келесі мекенжайлар бойынша сатылады: Павлодар қаласы, ак. Бектұров көшесі, 115, 1Б ғимарат, «Сайга» дүкенінде және Павлодар қаласы, Толстой көшесі, 24/А, «Павлодар аңшылар мен балықшылар» қоғамында.