Павлодар облысында алаяқтар салық қызметкерлерінің атын жамылуда
Алкогольге лицензия беруге қатысты алдау оқиғалары жиіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, өңір тұрғындары алкоголь өнімдерін сақтау және сату лицензияларын қайта ресімдеу, алу және тоқтату мәселелеріне байланысты алаяқтық схемаларға жиі тап болып жатыр.
– Лицензияны қайта ресімдеу, беру және тоқтатудың барлық рәсімдері тек www.egov.kz – elicense.kz мемлекеттік портал арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері салық төлеушілерге телефон соғып, код немесе басқа персоналдық мәліметтерді сұрамайды. Сақ болыңыздар және бейтаныс адамдарға құпия ақпаратты бермеңіздер, – деп ескертті ведомствода.
Сұрақтар туындаған жағдайда облыс бойынша МКД акциздерді әкімшілендіру бөліміне мына телефон нөмірі арқылы хабарласу қажет: 8 (7182) 32-58-82.