Павлодар облысында алты жүзге жуық қаңғыбас үй жануары жойылды

Павлодар облысында алты жүзге жуық қаңғыбас үй жануары жойылды

Үй жануарларын аулаумен облыстық  ветеринарлық станция айналысады, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Бұл  туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айдар Увалиев мәлім етті. 

– Заң бойынша павлодарлықтар үй жануарларын 1 қыркүйекке дейін тіркеуге міндетті.  Тіркемеген жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.  Егер иесіз қалған ит немесе мысық чиптелген болса, бұрынғы иелерін жауапқа тартуға болады. Жануарды аулаған соң екі ай бақылайды, содан кейін одан әрі шаралар қабылданады. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін  тіркеуге қою мемлекет есебінен жүргізіледі, – деді Айдар Увалиев.

Оның айтуынша, биыл облыста жануарларды сәйкестендіруге, оларды вакциналауға, зарарсыздандыруға, сондай-ақ қаңғыбас үй жануарларын аулауға және жоюға 55 миллион теңге бөліген. Әзірге тек қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша конкурс өткен. 

Жыл басынан бері аймақта 600-ге жуық қаңғыбас үй жануары жойылып, 40-ы қоғамдық қайырымдылық пен баспанаға тапсырылған. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл облыстың ветеринарлық қызметі мал қорымдарының орнына бес жаңа инсинератор сатып алады.