Павлодар облысында аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылуда

Полицейлік бақылау жүйесі арқылы алты мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста «Жедел басқару орталығының» үлгісінде полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдерін жабдықтау және толықтыру жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық және қалалық полиция бөлімшелеріне аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылуда.
Бүгінде облыстың барлық қалалары мен аудандарында жедел басқару орталықтары жұмыс істейді. Бұл қадам тек құқықбұзушылықпен күресте ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз қоғам құру және халықтың полицияға деген сенімін арттыру бағытында да маңызды рөл атқарады.
– Көше қылмыстарының алдын алудың негізгі құралы әкімшілік құқықбұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және оларға мүлдем төзбеушілік таныту болып қала береді. Бұл үдерісте азаматтық қоғамға ерекше рөл жүктеледі, өйткені ол қаладағы құқықтық тәртіптің жай-күйіне белсенді түрде қызығушылық танытады, – деді департаментте.
Аталған кешендер бір мезетте республикалық тізілімдер базасына қосылған. ЖБО операторлары анықтаған құқықбұзушылықтар полицияның кешенді күштерінің нарядтарына: патрульдік нарядтар мен учаскелік инспекторларға жіберіледі.
Бейнебақылау жүйелері құқықбұзушылықтардың санын едәуір азайтып, жасалған қылмыстарды ашуға көмектеседі. Тек осы жылдың өзінде полицейлік бақылау жүйесі арқылы алты мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, барлығыжауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, облыста жалпы 1232 бейнебақылау камерасы орнатылған. Әрбір полиция бөлімінде 72 қоғамдық бақылау камерасы және бес аппараттық-бағдарламалық кешен камерасы жұмыс істейді. Бұл камералар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоғамдық орындардағы тәртіп мәдениетін қалыптастыруға және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған.