Павлодар облысында ауыл жаттықтырушыларын тегін даярлау басталды

Павлодар облысында ауыл жаттықтырушыларын тегін даярлау басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Пилоттық жобаға биыл 60-тан астам адам қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, өңірде ауылдық жерлердегі спортты дамытуға бағытталған пилоттық жоба іске қосылды. Оның аясында ауыл тұрғындары «жаттықтырушы-оқытушы» мамандығын тегін меңгере алады.

Жоба ауылдық жерлердегі білікті жаттықтырушылар тапшылығын азайтуды көздейді. Оқу дуальді форматта ұйымдастырылғандықтан, қатысушылар негізгі жұмысынан қол үзбей білім алады.

Биыл жобаға 62 адам қатысуда. Оқуын аяқтағаннан кейін олар өз ауылдарына барып, спорт секцияларын ашып, жергілікті спортты дамытуға атсалысады.

Жоба аясында өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жаяу Мұса атындағы Ақсу көпсалалы колледжі және Инновациялық Еуразия университетінің жоғары колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама ауылдағы бұқаралық спортты дамытуға, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауға және өңірдегі спорт мамандарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.