Павлодар облысында аз инвазивті оталарға басымдық берілуде

Павлодар облысында аз инвазивті оталарға басымдық берілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық онкодиспансер скрининг пен жаңа технологияларды енгізу арқылы науқастарға сапалы көмек көрсетіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Онкологиялық қызмет тек онкодиспансердің ғана емес, барлық емханалардың бірлескен жұмысы болып табылады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының барлығында штаттық онкологтар бар, ал шағын амбулаторияларда арнайы координаторлар жұмыс істейді. Олар диспансермен тығыз байланыста болып, үнемі ақпарат алмасып, іс-әрекеттерді үйлестіреді. 

– Қазір барлық емханаларда ақпараттық жүйе енгізілген, құжаттар электронды түрде жүргізіледі. Науқас дәрігерге кез келген шағыммен жүгінгенде бағдарлама оны қарау кабинетіне бағыттайды. Егер онкологияға деген күдік туса, арнайы онкомаркерлер қойылып, науқас кезең-кезеңімен учаскелік дәрігерге, аудандық онкологқа, соңында онкодиспансерге жіберіледі. Бұл жүйе әр пациенттің бақылауда болуын қамтамасыз етеді, – деді облыстық онкодиспансердің диспансерлік бөлімше меңгерушісі Сергей Борисенко.

Онкодиспансерде қосымша тексерулер жүргізіліп, қажет болған жағдайда биопсия жасалады. Диагноз расталған соң, науқас диспансерлік есепке алынып, толыққанды ем мен бақылаудан өтеді. Өңірде үш негізгі скрининг жүргізіледі. Олар сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны ісігі, колоректалды обыр. 

Бұл тексерулер тек қатерлі ісікті емес, ісік алды жағдайларды да дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, жатыр мойнының дисплазиясын уақытылы емдеу қатерлі ісіктің алдын алса, ішек полиптерін алып тастау обырдың дамуына жол бермейді.

– Скрининг басталғанда аурушаңдық көрсеткіші жоғарылайтын сияқты көрінеді. Шын мәнінде, бұл – біз науқастарды ерте, белгілері білінбей тұрған кезде анықтап жатқанымыздың нәтижесі. Шағын ісікті емдеу әлдеқайда жеңіл, болжамы да жақсы, – деді бөлімше меңгерушісі.

Облыстық онкодиспансерінде үш негізгі емдеу әдісі қолданылады: хирургиялық ем, сәулелік терапия, дәрілік терапия . Көп жағдайда олар кешенді түрде жүргізіледі. Хирургиялық әдіс негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек. 2019 жылы жаңа корпус іске қосылып, реанимациясы бар операциялық блок пайдалануға берілді. Мұнда бес операциялық зал бар, барлығы заманауи эндовидео жабдықтармен, соның ішінде 3D-визуализация жүйелерімен жабдықталған.

Бұл технология хирургтарға ағзаның ішкі құрылымын жоғары сапада көруге мүмкіндік беріп, күрделі операцияларды жеңілдетеді. Сонымен қатар аз инвазивті оталарға басымдық берілуде. Бұл тәсіл науқастың тез сауығып кетуіне, үлкен тіліктерсіз ота жасауға жағдай жасайды.

– Қазір бүйрек ісігінің 90%-ы эндоскопиялық әдіспен алынады. Гинекологиялық оталардың да басым бөлігі осылай жасалады. Дегенмен, кейбір жағдайларда ісіктің таралуына байланысты ашық операция қажет болады, – дейді Сергей Борисенко.

Аурудың соңғы сатыларындағы немесе емдеуге келмейтін жағдайдағы науқастарға паллиативтік көмек көрсетіледі. Облыста хоспис жұмыс істейді, онда науқастарға симптоматикалық ем жүргізіліп, ауырсынуды басатын дәрілер беріледі. Сонымен қатар мобильді бригадалар үйлеріне барып, көмек көрсетеді.

Мамандардың айтуынша, онкологиялық аурулар әлеуметтік маңызы бар дерт. Өкінішке қарай, оған жастар да, еңбекке қабілетті адамдар да шалдығады.