Павлодар облысында бордақылау алаңдарын түгендеу жүргізілді

Павлодар облысында бордақылау алаңдарын түгендеу жүргізілді
Фото: Павлодар облыстық АШ басқармасы

Ол үшін арнайы жұмыс тобы шықты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың бордақылау алаңдары мен етті қайта өңдеу кәсіпорындарын түгендеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыс аумағында бордақылау алаңдарын түгендеу жүргізілді. Жұмыс тобы құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, облыстық ветеринария басқармасы, ҚР АШМ ВБжҚК облыстық аумақтық инспекциясының басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Павлодар облысы филиалы, «Aqbas»  қазақтың ақбас сиырының республикалық палатасы мен «Kazahbeef Processing» ЖШС өкілдері кірді. 

Сондай-ақ Баянауыл ауданының «Жайма МТС» ЖШС, Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы «Сергей» ШҚ, Шарбақты ауданындағы «Абай» ЖШС, Павлодар қаласының «Рубиком» ЖШС және «Абай» ЕҚӨК ЖШС етті қайта өңдеу кәсіпорындарына тексеріс жүргізілді.

Тексерістің қорытындысы бойынша аталған кәсіпорындардың айналым қаражатын толтыруға несиелеу бағдарламасының өлшем шарттарына сәйкестігі немесе сәйкес келмеуі туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, биыл 15 сәуірден бастап облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бойынша ірі қара малдың тауарлық аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге өтінімдерді қабылдау басталды.