Павлодар облысында бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталды
Күдіктіге қатысты сот «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті «Богатырь-Көмір» ЖШС-мен бірлесіп, капиталының 50% «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі көмір өндіру кәсіпорнындағы жымқыру схемасын анықтады.
Күдіктінің 2020-2022 жылдар аралығында «Богатырь-Көмір» ЖШС қабылдау комиссиясымен алдын ала сөз байласу арқылы жүйелі түрде серіктестіктің қаражатын жымқырғаны анықталды.
Схема жалпы сомасы 830 млн теңгені құрайтын жаңа бөлшектердің орнына айтарлықтай тозған пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жеткізуден тұрды.
Бұл әрекеттер мемлекетке аса ірі көлемде материалдық залал келтірген. Күдіктіге қатысты сот «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.