Өңірлік коалицияның мүшелері Успен жұртшылығымен жаңа Конституцияны талқылады
Ақпараттық-түсіндіру тобы бірқатар нысанда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коалицияның Сандуғаш Қалижанова бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы жалпыхалықтық референдум қарсаңындағы кезекті кездесулерін Успен ауылында өткізді.
Алдымен қонақтар аудандық электр желілері бөлімшесінің ұжымымен жүздесті. Спикерлер жергілікті энергетиктермен әңгіме барысында Негізгі заңның жаңа редакциясында әрбір азаматтың денсаулығын қорғау және қауіпсіз ортада өмір сүру құқығы бекітілгеніне назар аударды. Сонымен қатар сапалы электр энергиясының тұрақты қамтамасыз етілуі осы құқықтардың іс жүзінде жүзеге асуына мүмкіндік беретін маңызды фактор екені айтылды.
Одан кейін ақпараттық топ мүшелері аудан орталығындағы «Егімбай» фермерлік қожалығының қызметкерлерімен жаңа Ата заңның мазмұнын талқылады. Осы ретте Успен өңірінің егіншілері жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі болуының Конституцияда нақты айқындалуының маңызы зор екенін жеткізді.
Өз кезегінде коалиция өкілдері бұл норма жердің ел байлығы ретінде бүкіл халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жандар үшін жерді тиімді әрі әділ пайдалану мәселесі айрықша мәнге ие екенін атап өтті.– Жаңа Ата заңда меншік құқығын қорғау кепілдіктері күшейтіліп, заңдардың кері күшіне тыйым салынатыны нақты көрсетілген. Ал референдум – осы кепілдіктерді конституциялық деңгейде бекітудің бірегей жолы, – деді жалпыұлттық коалиция мүшесі Сандуғаш Қалижанова.
Ақпараттық топтың Успен ауылындағы жұмыс сапары «Ажболат» несие серіктестігіндегі экспромт-кездесумен қорытындыланды. Онда меймандар компания қызметкерлеріне жаңа Конституцияның кәсіпкерлікке ықпалы туралы жан-жақты түсіндірді.