Павлодар облысында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған айлық басталды

Павлодар облысында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған айлық басталды
Фото: istockphoto.com/AzmanL

Биылғы ақпараттық-білім беру науқаны «Қиындықтардан – өзгерістерге, АИТВ-ке қарсы жауапта» ұранымен өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

10 қарашадан бастап өңірде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған айлық өз жұмысын бастады. Бұл бастама жаһандық қаржыландыру тапшылығына, қоғам мен елдердің төзімділігіне және адамның иммунтапшылық вирусы індетінің таралуына қарсы күресті жалғастыру үшін жаңа трансформациялық тәсілдің қажеттілігіне назар аударуға шақырады..

Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы жастардың денсаулық орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар, студенттік қауым, негізгі топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен іс-шаралар өткізуді жоспарлаған. Аймақ бойынша семинарлар, шағын тренингтер, интеллектуалды викториналар және АИТВ инфекциясының алдын алу бағытындағы акциялар өтеді.

Сонымен қатар, пойыз жүргізушілері мен жолсеріктерінің ұжымдарына, жоғары оқу орындарының студенттеріне, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларға, әскери қызметкерлерге, Екібастұз ГРЭС қызметкерлері мен сауда орындарының ұжымдарына арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Шараларда инфекция жұғу жолдарының алдын алу, ауру туралы мифтерді жоққа шығару және стигма мен кемсітушілікке жол бермеу мәселелері қозғалады.

– Айлықтың мақсаты – АИТВ індетімен күрестегі жаңа тәсілдерді қалыптастыру, инновациялық қаржыландыру модельдерін дамыту, қоғамның рөлін күшейту, әлеуметтік және құқықтық кедергілерді жою, сондай-ақ АИТВ-ке қарсы қызметтерді денсаулық сақтау жүйесіне интеграциялау, – деді мамандар.

Айлық аясында дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар, сондай-ақ АИТВ-тің алдын алу мамандарының телеарна мен радио арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.