Павлодар облысында дала өрті орманға жетпей ауыздықталды

Өрт құрғақ шөпті жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзудан шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 шілдеде Шарбақты ауданы, Александровка ауылдық округінің аумағында құрғақ шөп өртеніп, жалынның орман алқабы мен елді мекендерге таралу қаупі туындады. Алайда жедел әрекет еткен төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен орман қорғау мамандары өртті дер кезінде оқшаулап, толықтай сөндірді.
Өрт «Қазавиақорған» авиациясының қатысуымен сөндірілді. Қауіптің алдын алуға барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысы себеп болды.
Өрттің шығуына құрғақ шөпті жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу себеп болған. Кінәлі адам анықталып, 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
ТЖ департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады: абайсыздық қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.