Литрі – 2 812 теңге: Павлодарлық бөбекжай сүтті қымбатқа сатып алмақ болған

Ақша иемденгісі келген тұлғалар жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық прокуратура балабақшалардың азық-түлік өнімдерін жоғары бағамен сатып алу фактілерінің жолын кесті.
Мәселен, №23 бөбекжай мемлекеттік сатып алу порталында 18 000 литр сүтті 50 620 500 теңгеге, яғни литрі 2 812 теңгеден сатып алу туралы хабарландыру жарияланған. Айта кету керек, осыған ұқсас сүттің орташа бағасы (майлылығы – 2,5%) литрі 345 теңгені құрайды. Аталмыш бөбекжай-бақшаның литрі 2 812 теңгеге сүт сатып алуы 44 410 500 теңге көлемінде бюджет қаржысын артық және негізсіз жұмсауға себеп болушы еді.
Басқа жағдайда №102 бөбекжай жалпы сомасы 19 455 783,6 теңгеге немесе бір келісіне 1340 теңгеге салмағы 14 520 келі картоп сатып алмақ болған.
Ал қала дүкендерінде әлеуметтік бағамен картоптың бір келісі 120 теңге және жеке меншік дүкендерде келісіне 380 теңгеден сатылады. Яғни балабақша картопты 11 есе қымбатқа сатып алмақ болған.
Жоғарыда аталған өнімдерді порталда сатып алуға тыйым салынды. Азық-түлікті сатып алу бағасы төмендетілді, ал кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.