Павлодар облысында елді мекендерден бір миллион текше метрден астам қар шығарылды
Жалпы ТЖД рельефті ойпатта орналасқан 43 елді мекенді бақылауға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақта көктемгі кезеңде су тасқыны қаупін азайту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар қарқынды жұмыс атқаруда. Ақтоғай ауданының аумағындағы Сілеті өзенінің арнасы тазартылып, түбін тереңдету, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде.
«Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар-Курчатов» республикалық маңызы бар автожолда диаметрі 1,5 м, 131 км, 135 км, 143 км үш су өткізу құбыры орнатылды.
«Ақтоғай-Шолақсор» автожолының 104-105 км су өткізу құбырына шлюз орнатылды, ол еріген судың су ағынын реттеуге мүмкіндік береді. «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновский» автожолының 101-ден 105 км-ге дейінгі екі көпірдің құрылысы аяқталу сатысында.
– Жалпы ТЖД рельефті ойпатта орналасқан 43 елді мекенді бақылауға алды. Биыл «Қазгидромет» болжамына сәйкес қосымша 22 елді мекен бақылауда. Бұл жекелеген елді мекендерде жауын-шашын мөлшері нормадан 56%-ға асып, топырақ қатты қатып, қардағы су қоры нормадан 69%-ға асып кеткендігіне байланысты, – дейді департаментте.
Осыған байланысты қыс мезгілінің басынан бастап облыстың елді мекендерінен бір миллион текше метрден астам қар шығарылды.
ТЖ-ға жедел ден қою үшін су тасқыны салдарын жоюға күштер мен құралдар тобы құрылды. Оған 1702 адам, 616 техника, 42 жүзу құралы мен 198 мотопомпа дайындалды.
Жағдай нашарлағанда жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар 26 мың дана қапшық қоры, 37 мың тонна инертті материал, 120 тонна көлемінде ЖЖМ дайындалды, тамақтануға 83 және жарылыс жұмыстарына алты ниет шарт жасасты. Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде және қатаң бақылауда.