Павлодар облысында көлік салығын төлемеген жүргізушілерге тықыр таянды
Салық төлеуден жалтарғандардың саны 19 мыңнан асқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы
және байланыс-орталығы басқармасының мәлімдеуінше, аймақта 147 мыңнан астам автокөлік иесі тіркелген болса, олардың меншігінде 220 мыңнан астам автокөлік бар. Қазіргі таңда 19 мыңнан астам автокөлік иелері көлік салығы бойынша жалпы сомасы шамамен 655 миллион теңгеге қарыз.
- Салықты уақытында төлемеген тұлғаларға 2 сәуірден бастап салық қарызы туралы хабарламалар жіберіледі. Сонымен қатар, әрбір кешіктірілген күн үшін айыппұл есептеледі. Хабарламаны алғаннан кейін салық төлеуші 30 жұмыс күні ішінде қарызын өтеуі қажет.
Егер талап орындалмаса, автоматты түрде салық бұйрығы жасалып, салық төлеушіге жіберіледі және оны 5 жұмыс күні ішінде орындау қажет, - делінген хабарламада.
Ал егер бұйрық орындалмаса, ол жеке сот орындаушылары палатасына (ЖСОП) жіберіліп, өндіріп алу және қарызды мәжбүрлеп өндіру рәсімі жүргізіледі.
Жеке сот орындаушылары палатасы және полиция департаментімен бірлесіп, көлік салығы бойынша қарыздарды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.
Рейд кезінде «Оракул-Қорғау» іздеу жүйесінің мәліметтер базасы арқылы қарыздардың бар-жоғын тексеру, салық қарызын өндіріп алу үшін салық бұйрықтарын тапсыру жүзеге асырылады
- Қарыздар туралы ақпарат полиция департаментіне жіберіліп, патруль көліктерінде орнатылған «Оракул-Қорғау» іздеу жүйесінің деректер базасына енгізіледі. Егер салық қарызы өтелмесе, көлікті айып тұрағына қоюға полиция қызметкерлерінің толық құқығы бар, - дейді жауапты мекемедегілер.
Айта кетелік, 2025 жылы шамамен 250 рейдтік іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 3 196 салық төлеуші өз қарызын өтеген. Ол 164 миллион теңгені құрайды. Ал салық төлеуден жалтарған 6 автокөлік айып тұрағына қойылған.
Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын табады.