Павлодар облысында медициналық ұйымдар электрондық медициналық картаға көшеді
Жаңа бұйрық 13 шілдеден бастап күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында медициналық ұйымдардың пациенттердің электрондық медициналық карталарымен жұмыс істеуге көшу мәселесіне арналған кездесу өтті. Жиынға өңірдегі медициналық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер және салалық мамандар қатысты.
Кездесуді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Жиынды Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам жүргізді.
Кездесу барысында медициналық қызметке қойылатын біліктілік талаптарына енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментінің басшысы Ботагөз Сыздықова Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 8 мамырда медициналық цифрлық жүйелердің міндетті түрде болуы жөніндегі толықтыруларға қол қойғанын атап өтті.
Оның айтуынша, электрондық медициналық карталарды енгізу тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Бұл жүйе меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйымдарда пациент туралы қажетті ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде дәрігерлер нақты әрі жедел шешім қабылдай алады, ал азаматтар өздерінің медициналық деректерін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік алады, – деді Ботагөз Сыздықова.
Мамандардың пікірінше, бірыңғай электрондық жүйе диагноз қоюдың дәлдігін арттырып, емдеу шараларын кешенді түрде жоспарлауға ықпал етеді. Сонымен қатар медициналық ақпараттың ұлттық электрондық денсаулық паспортына берілуін қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген және 13 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа өзгерістер де таныстырылды. Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің сертификаттау және лицензиялау бөлімінің басшысы Назира Әбішева баяндады.
Ол енгізілетін жаңашылдықтардың негізгі бағыттарына тоқталып, медициналық ұйымдар өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Жиын қорытындысында қатысушылар денсаулық сақтау саласын цифрландыру медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ пациенттердің құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Электрондық медициналық карталар жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласындағы заманауи цифрлық трансформацияның маңызды кезеңдерінің бірі болмақ.