Павлодар облысында мектептер жөнделіп, жаңа нысандар бой көтеруде
Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов жұмыс сапарымен Тереңкөл ауданына барып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмыс сапары аясында ол №1 және №2 жалпы орта білім беру мектептерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қарап шықты. Облыс әкімінің орынбасары жөндеу жұмыстарының қарқынын бағалап, олардың жаңа оқу жылы басталғанға дейін сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажет екенін атап өтті.
Сапар барысында аудан әкімдігі ғимаратына арналған жаңа қазандықтың құрылыс алаңы да қаралды. Бұрын апаттық жағдайда болған қазандық толықтай бұзылып, оның орнына заманауи жаңа жылу қазандығы салынуда. Жоба әкімдік ғимаратын тұрақты әрі сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Серік Төленбергенов ауданның орталық жағажайына да барып, аумақты күтіп ұстау, абаттандыру және тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары жаңа ветеринариялық пункттің құрылысымен танысып, ветеринариялық қызметтің сапасын арттыру және тұрғындарға көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен заманауи талаптарға сай ұйымдастырылуына назар аударды.
Жұмыс сапарының соңында Песчаное ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қаралды. Нысанды аралау кезінде құрылыс жұмыстарының сапасы мен жобаны белгіленген мерзімде аяқтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Сапар қорытындысы бойынша Серік Төленбергенов жауапты тұлғаларға барлық нысандардағы жұмыстарды сапалы әрі уақытында аяқтауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.