Павлодар облысында мемлекет пен бизнестің әлеуметтік әріптестігі нығая түсті

Павлодар облысында мемлекет пен бизнестің әлеуметтік әріптестігі нығая түсті
Фото: Валерий Бугаев

Осындай әріптестіктің кезекті нәтижесі - өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне көрсетілген қолдау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов GE HealthCare компаниясының Қазақстандағы ресми дистрибьюторы болып табылатын «L-Group» ЖШС-мен ынтымақтастық және демеушілік көмек көрсету туралы меморандумға қол қойды. 

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, келісім аясында компания облыстың медициналық ұйымдарын қолдауға өтеусіз 400 миллион теңге бағыттайды. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда мемлекет пен бизнестің әріптестігінің маңыздылығын атап өткен болатын. Біз тұрғындар үшін маңызды міндеттерді шешуге бағытталған өзара әріптестікті тұрақты түрде дамытып келеміз. Өңірдің дамуына үлес қосып, денсаулық сақтау саласын қолдауға бағытталған бастамалары үшін L-Group басшылығына алғысымды білдіремін, - деді Асайын Байханов. 

Павлодар облысында ірі бизнестің әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысуы бүгінде жүйелі тәжірибеге айналды. Соңғы жылдары өңір кәсіпорындары халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін нысандарды салуға және жаңғыртуға қомақты қаражат бағыттап келеді. 

Тек соңғы үш жылда ERG облысты дамытуға 10 миллиард теңгеден астам, ал KAZ Minerals 9 миллиард теңге бөлді. «Самұрық-Энерго» АҚ және «АК Алтыналмас» АҚ қолдауымен әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептер, балабақшалар мен спорт кешендерін салу жобалары жүзеге асырылуда. 

Жалпы, бизнестің әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамаларды қолдауға бағыттаған қаражатының көлемі шамамен 30 миллиард теңгені құрады. 

Ұзақ мерзімді ынтымақтастық тәжірибесі нақты нәтижелер беріп келеді. Алғашқы меморандум аясында «Ертіс Гидрометаллургиялық Комбинаты» (Solidcore Resources компаниясы) өңірде экологиялық жобаларды іске асыруға 1 миллиард теңге бағыттады. L-Group компаниясымен жасалған жаңа меморандум осы жұмысты жалғастырып, өзара ынтымақтастық аясын денсаулық сақтау саласында кеңейтеді.