Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілер өзара бақ сынайды
15 сәуірде «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің мәлімдеуінше, байқау екі кезең бойынша өтеді. Конкурсқа қатысуға кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберіледі. Қатысуға ниетті мемлекеттік қызметші мемлекеттік орган басшысының ұсынуы бойынша үміткер атана алады.
- Байқаудың бірінші кезеңі өңірлік (облыстық) деңгейде өтеді. Бірінші кезеңге қатысушыларды іріктеуді өңірлік конкурстық комиссия жүргізеді. Өңірлік конкурстық комиссия Агенттіктің аумақтық департаменттері жанынан құрылады. Комиссия құрамы қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ, мемлекеттік органдардың басшыларынан және басқа да тұлғалардың өкілдерін қамтиды, - делінген хабарламада.
Құжаттар 2023 жылғы 15-30 сәуір аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттерінің электрондық пошталары арқылы қабылданады:
1) конкурсқа қатысу туралы мемлекеттік органның ұсынымы;
2) конкурсқа қатысушының қызметтік тізімі.
Екінші кезең республикалық деңгей. Мұнда республикалық комиссия қатысушылардың презентациясын тыңдау мақсатында 2 маусымға дейін кандидаттармен әңгімелесу өткізеді. Презентация қорытындылары бойынша республикалық комиссия онлайн дауыс беруге жолдау үшін үздік ұсыныстарды іріктейді.
Онлайн дауыс беру Агенттіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жүргізіледі және оған республиканың барлық азаматтары қатыса алады.
Республикалық комиссияның қорытынды отырысында конкурс жеңімпаздары айқындалатын конкурс нәтижелері туралы шешім қабылданады.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «23 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күні» мерекесіне орай ұйымдастырылады.
Толық ақпарат Агенттіктің ресми сайтында орналастырылған арнайы Әдістемелік ұсынымда көрсетілген.