Павлодар облысында мешіттен ақша ұрлаған қарағандылық ұсталды
Күдікті Тереңкөл ауданы Байқоңыр ауылындағы мешітте сейфтің металл есігін бұзу арқылы 300 мың теңге жымқырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам деструктивті-радикалды ағымның жақтаушысы болып табылатын Қарағанды облысының 27 жастағы тұрғыны екені анықталды. 2021 жылы ұрлық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу үшін сотталғаны анықталды. Ұрлық жасаған күндері пробация органдарына ескертусіз аймақтан шығып кетіп отырған.
– Барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу барысында ер адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Күдікті тергеу изоляторына қамалды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсеиітов.
Айта кетерлігі, 2023 жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында 4 ұрлық жасады деген күдікке ілінген. Наурыз айында Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында ешкім бақыламайтынын пайдаланып, еркін қол жеткізу жолымен 140 мың теңге сомасында ақша қаражатын ұрлаған.