Павлодар облысында «Мигрант» жедел іс-шарасы басталды
Өңірде шетел азаматтарының заңсыз жұмыс істеуі мен көші-қон талаптарын бұзу фактілері тексерілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
17–20 наурыз аралығында өңірде «Мигрант» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартовтың айтуынша, шараның мақсаты – көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ өңірге келген шетел азаматтары арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.
– Іс-шара барысында полиция қызметкерлері шетел азаматтарының тұратын және жұмыс істейтін орындары бойынша рейдтер жүргізеді. Кәсіпорындар, базарлар, құрылыс нысандары және басқа да нысандар тексеріліп, шетелдіктердің Қазақстан аумағында болу және еңбек қызметін жүзеге асыру заңдылығына ерекше назар аударылады, – делінген хабарламада.
Полиция департаменті көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Жауапкершілік шетел азаматтарына да, оларды заңсыз еңбекке тартқан Қазақстан азаматтарына да қолданылады.