Павлодар облысында Рамазан айына дайындық шаралары айтылды

Павлодар облысында Рамазан айына дайындық шаралары айтылды
Фото: ӨКҚ

Облыстың бас имамы  Жолдас Бертымұратов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында оразаның шарттарын түсіндірді, деп хабарлайды  Pavlodarnews.kz.

– Облыста орналасқан 104 мешіт Рамазан айын қарсы алуға дайын.  22 наурызда барлық мешітте Тарауық намазы оқыла бастайды. Қаланың ішінде төрт мешітте ауызашар беріледі: Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіті, «Әбу Бәкір Сыддық» мешіті, «Қасым Қажы» мешіті және Павлодар ауданындағы мешітте, – дейді  Жолдас Бертымұратов.

Павлодар облысы Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітінің өкілетті имамының айтуынша, шариғат бойынша балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында күнде таң атқаннан күн батқанға дейін ораза тұту – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдарға, жүкті немесе омырауда емізулі баласы бар әйелдерге шариғат ораза тұтуды кейінге қалдыруға рұқсат береді.

Ораза ұстаудың үш шарты бар: ең бірінші мұсылман болу, ақыл-есі дұрыс және балиғат жасқа толған болуы керек. Егер дәрі-дәрмек ішіп жүрген азамат болса, підия садақасын береді. Підия садақасы созылмалы ауруы бар және ақсақалдарға беруге болады, – деді  бас имам.

Спикердің сөзінше, ҚМДБ бекіткен підия садақасының құны сәресі мен ауызышарды қосқан кезде 1500-3000 теңге болады. Яғни сырқаты бар және ақсақалдар підия садақа ретінде күніне осы соманы шығару керек. Бір кедейді 30 күн  таңда және кешке   немесе алпыс кедейді бір күн таңертең, яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Егер жағдайы болмаса, күніне пітір садақасын береді. Ал пітір садақасының сомасы – 535 теңге.  

Підия садақасы жайлы дұрыс түсінбей, бұрмалап алып кеткен. Сау адамдар міндетті түрде ораза ұстайды. Бұл жерде підия садақасын созылмалы аурулары бар немесе қарттарға ораза ұстамағанның орнына төлеуге болады. Өйткені, олар ораза ұстай алмайды, себебі, денсаулығына байланысты дәрі-дәрмек ішу керек, міндетті түрде су ішіп, тамақтану қажет, – деді имам.

Естеріңізге салайық, биыл елімізде Рамазан айы күнтізбесі 2023 жылдың 23 наурызынан 2023 жылдың 20 сәуіріне дейін жалғасады.