Павлодар облысында сегіз баласы бар отбасыға баспана берілді

Павлодар облысында сегіз баласы бар отбасыға баспана берілді
Фото: Константин Шелков

Әйел тоғызыншы балаға аяғы ауыр, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығында кішкентай балаларымен қайыр тілеп жүрген анаға қайырымды жандар және әкімдіктің көмегімен Ақтоғай ауданы, Мүткенов ауылынан баспана берілді. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбайдың Instagram парақшасында жарияланды.

Оңтүстіктен Баянауыл ауданына бағдарлама бойынша қоныс аударған отбасы жердің шалғайлығынан ол жақта орналасып тұра алмаған. Жанұя мемлекет тарапынан көшіп келушіге берілетін барлық көмекті алған. Әйелдің сегіз, оның ішінде бір мүгедек баласы бар (үлкені -14, кішісі -2 жаста). Қазір ол тоғызыншы балаға аяғы ауыр. Бірақ комиссиядан өткізіп, құжаттарын рәсімдей алмаған. Жолдасы жұмыссыз, жаман әдеттерге үйір. Тіркеуі, тұрақты жұмысы, баспанасы жоқ. Бір бөлмелі жаздық үй жалдап тұрады.

– Облыс әкімі Асайын Байхановқа жазып, мән-жайды айттық. Ол кісі жауапты органдарға тиісті тапсырмалар беріп, мәселені өз бақылауына алды. Бала құқығын қорғаушы Сауле Шәкеневамен бірге Мүткенов ауылына барып, қуанып қайттық, – деді Асылбек Туғанбай.

Отбасыға Мүткенов ауылынан әлеуметтік баспана беріліп, ауылдың кәсіпкері Денис Ларенюктің демеушілігімен үйде жөндеу жасалып, ішіне тұрмыстық техника мен жиһазы сатып алынды.

– Ауыл халқы да біреуі қойын, біреуі етін, сүт майын әкеліп қолдан келгенше көмек көрсетіпті. Ерекше баласы тіркеуге алынып, бес жылға мүгедектік рәсімделген. Басқа балалар да медициналық тіркеуге тұрып, мектеп, балабақшаға орналастырылды. Балаларға мемлекет тарапынан берілетін тиісті жәрдемақыларды алуға жағдай жасалған, – деді Асылбек Туғанбай.

Қоғам белсендісі игі іске қол ұшын созған облыс басшылығына, Ақтоғай ауданы әкімдігіне, ауыл халқына алғысын білдіруде.