Павлодарда эко-наубайхана ашылады

Павлодарда эко-наубайхана ашылады
Фото: Константин Шелков

Онда күн сайын глютенсіз, қантсыз және лактозасыз өнімдер сатылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер қант диабеті, кейбір тағамдарға аллергиясы бар, глютенсіз және лактозасыз диета сақтайтын балалар мен ересектерге арналған.

«ECO CITY Pavlodar» ЖК басшысы ретіндегі Махаббат Анаеваның салауатты тамақтану саласындағы ісі отбасылық құндылықтар негізінде дами бастаған. Отбасы көптеген жылдар бойы салауатты тамақтану тұжырымдамасын ұстанады. 

– Қант алмастырғыштар, экологиялық таза өнімдер, тосаптар мен джемдер, шоколадтарды көбінесе  басқа қалалар мен елдерден тапсырыс беруге турады келеді. Ұзақ сақталатын тағамдарда консерванттар бар. Сондықтан өз өнімізді шығаруға шешім қабылдадық, – дейді бизнесвумен. 

Оның айтуынша төрт жыл бұрын қант диабетімен ауыратын адамдар мақсатты аудиторияға таңдалған. Кейінірек аутизм спектрінің бұзылуы, сөйлеу мен психиканың дамуы тежелген балалардың ата-аналарынан сұраныс пайда болған.

2023 жылдың ақпан айында Махаббат Анаева глютенсіз нан-тоқаш өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығаратын жеке цех ашқан. 

– Енді, міне,  эко-наубайхана ашып жатырмыз. Мұнда глютенсіз, қантсыз және лактозасыз 65-тен астам өнім түрін шығарамыз: әртүрлі салмалары бар бәліштер, самса және қаусырма, нан, етпен толтырылған киштер, жеміс галеттері, әртүрлі печеньелер және тағы басқа өнімдер. Сонымен қатар, наубайхана глютенсіз жартылай фабрикаттар – манты, тұшпара шығарады, – деді кәсіпкер.

Өндірісте Павлодар мен Қарағандыдан жеткізілетін қазақстандық ұн мен майлар пайдаланылады. Технологиялық үрдіс аймақта түрлі жобаларды іске қосқан азық-түлік өндірісі мамандарымен әзірленді. Өндірісті ашу кезінде танымал брендтердің жаңа жабдықтары сатып алынған, бұл өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

– Нан-тоқаш рецептурасы глютенсіз өнімдер саласындағы Қазақстан мен Ресейдің үздік технологтарының көмегімен әзірленген. Барлық өнімдерде талшық пен ақуыздың жоғары мөлшері бар табиғи ингредиенттер пайдаланылады. Нан-тоқаш өнімдері зертханалық зерттеулерден өтіп, сертификатталған, – деді спикер. 

Кәсіпкердің айтуынша, наубайхананың ашылуына «Даму» қорының мемлекеттік қолдауы үлкен  әсер еткен. 2022 жылы Махаббат Анаева айналым қаражатын толықтыруға несие алса, 2024 жылы қор қолдауымен 44 пайыз көлемінде жаңа несие алған.