Павлодар облысында шетелдіктер тегін медициналық көмек алуға құқылы ма?
Оларда барлық жағдайда тұруға ықтиярхаты болуы міндетті емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алушылар бірнеше топқа бөлінеді. Олардың біріне Қазақстанда тұруға рұқсаты бар шетелдіктер де кіреді.
– Бұдан басқа, азаматтығы еліне қарамастан, Қазақстан Республикасында уақытша болатын, айналасындағыларға қауіп төндіретін ауру анықталған шетелдіктер ҚРДМ №121 бұйрығының аурулар тізімі бойынша медициналық көмек алады, – деп нақтылады міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында.
Тізімге 23 ауру кіреді, оның ішінде коронавирустық инфекция, қызамық, менингококк инфекциясы, қызылша, туберкулез аурулары бар.
Уақытша болатын шетелдіктерге, оның ішінде ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттарына шұғыл және жедел медициналық көмек көрсетіледі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша келесі қызметтерді алуға болады:
- жедел медициналық көмек, оның ішінде медициналық авиацияны тарту;
- алғашқы медициналық-санитарлық көмек;
- созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылау;
- шұғыл медициналық көмек;
- созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде күндізгі, тәулік бойы және үйдегі стационарда медициналық көмек;
- паллиативтік медициналық көмек;
- туберкулезді оңалту және бірінші кезеңді оңалту;
- донорлық;
- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.
Айта кетерлігі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмек пакеті тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге және еңбек мигранттарына ғана емес, сонымен бірге олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де ұсынылады.