Павлодар облысында шетелдіктер көбінесе жұмысқа келеді
Бүгінде облыста 8158 шетелдік азамат тұрақты тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының азаматтығы 723 шетел азаматқа берілді, 1302 адам азаматтығынан айырылды, 2076 шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамға облыста тұрақты тұруға рұқсат берілді.
– Биыл жыл басынан бері көші-қон қызметінің бөлімшелерімен 7507 шетелдік уақытша тіркелді, олардың келу мақсаты әртүрлі: 5 мыңнан астам адам –жұмысқа, 284-і – жеке мақсатта, 102-сі – оқуға, қалғандары өзге мақсаттар үшін келді, – деді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Дәулет Ысқақов.
Көші-қон заңнамасының әртүрлі бұзушылықтары үшін 6 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 1746-і – шетелдік, 4701-і – ел азаматтары. Полиция жинаған құжаттардың негізінде 104 шетелдік елімізден шығарылды және оларға Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салынды.
Сонымен қатар, көші-қон қызметінің қызметкерлері 253 алимент төлемейтін адамды анықтады.
– Көші-қон қызметкерлерінің жұмыс кестесіне төлқұжаттар мен төлқұжаттарды ресімдеу және беру, Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктерді есепке қою, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету кіреді. Жыл басынан бері облыстың 78 мың тұрғыны құжатталған, тұрақты тұрғылықты жері бойынша 40 мың азамат тіркелген, 16 мыңға жуық азамат тіркеу есебінен шығарылған, – деп хабарлады Дәулет Ысқақов.
Облыстың 1366 тұрғынына елден тұрақты тұруға рұқсат берілді.