Павлодар облысында сотталғандар еңбек нарығына бейімделуде

Павлодар облысында сотталғандар еңбек нарығына бейімделуде
К.Шелковтың иллюстрациялық суреті

Тәжірибелік шеберлік сабақтарына оннан астам сотталушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысындағы №46 мекемеде қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен қайталама қылмыстың алдын алуға және сотталғандарды қоғамға толыққанды қайта бейімдеуге бағытталған әлеуметтік маңызы бар бағдарлама жүзеге асырылуда. 

2026–2027 оқу жылына арналған кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында Павлодар облысы білім басқармасының «Техникалық колледжінің» басшысы Серік Дәкеновтің бастамасымен еңбек нарығында тұрақты сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша тәжірибелік шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. 

Бағдарламаға №46 мекемеде жазасын өтеп жүрген 13 сотталушы қатысты. Оның ішінде 7 адам автокөліктерді жөндеу слесары мамандығы бойынша білім алса, тағы 6 адам корпус жиһазын жинақтаушы және құрастырушы дағдыларын меңгерді. 

Оқытудың басты ерекшелігі – тәжірибеге негізделген формат. Өндірістік оқыту шеберлерінің жетекшілігімен сотталғандар тек теорияны ғана емес, мекемеден тыс жерде де қолдануға болатын нақты еңбек дағдыларын игерді. Мұндай тәсіл қатысушылардың өзіне деген сенімін арттырып, қоғамдағы қажеттілігін сезінуге мүмкіндік береді. 

Шеберлік сабақтарының қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға меңгерген біліктілік дағдыларын растайтын сертификаттар табысталды. Бұл құжаттар босап шыққаннан кейін жұмысқа орналасудың нақты құралына айналып, сотталғандарға заңды еңбек жолын жалғастыруға мүмкіндік береді.