Павлодар облысында жүк көліктеріне көктемгі шектеу енгізіледі

Павлодар облысында жүк көліктеріне көктемгі шектеу енгізіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шектеу шамамен бір айдан асатын уақытқа созылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында еліміздің бірқатар өңірлерінде, соның ішінде Павлодар облысында енгізілетін шектеу көктем мезгілінде жол жабындысының осалдауына байланысты қабылданып отыр.

Қар еріп, су тасу кезеңінде жол негізі жұмсарып, ауыр жүктемеге төзімсіз болады. Сондықтан жолдардың бұзылуын болдырмау мақсатында уақытша шектеулер енгізіледі, – деп түсіндірді министрлікте.

Павлодар облысында бұл талап бір оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне қатысты болады.

Сонымен қатар, мұндай шектеулер Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарында да енгізіледі. Ал еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде көктемгі шектеулер бұған дейін күшіне енген.

Шектеулер халықаралық тасымалдарға, жолаушылар көлігіне, сондай-ақ азық-түлік, дәрі-дәрмек және төтенше жағдайларға арналған жүктерге қолданылмайды.