Павлодар облысында жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тағуда немқұрайлылық танытуда
Тәртіп сақшылары заң бұзған 8 мыңға жуық жүргізушіні жазалап үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көліктің тұтандыру жүйесіндегі кілтті бұрамас бұрын қауіпсіздік белдігін тағу қажет екенін көпшілік жүргізуші болмай тұрып-ақ біледі. Алайда тәжірибе көрсеткендей, жүргізушілер бұл талапты жиі елемейді.
Жол-көлік оқиғалары кезінде жүргізуші немесе жолаушы қауіпсіздік белдігін тақпағандықтан жарақат алатын жағдайлар аз емес.
– Павлодар өңірінде жол қозғалысының осы ережесін бұзушылар саны азаймай тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпаған 7 966 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді полицейлер.
Мәселен, Павлодар қаласында Малайсары батыр көшесін патрульдеу барысында полиция қызметкерлері «Toyota» маркалы автокөлікті тоқтатты. Оның жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпаған. Аталған құқық бұзушылық үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.
Тәртіп сақшылары азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз қауіпсіздігі үшін жолда қырағы әрі мұқият болуға шақырады.