Павлодар облысында жүргізушілерге бір миллиард теңгеге айыппұл салынды

Павлодар облысында жүргізушілерге бір миллиард теңгеге айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құқықбұзушылықтар Оракул, Кибер-Шериф және ZEREK-2 стационарлық жылдамдық өлшегіш жүйелерінің көмегімен анықталды, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz.

Павлодар облысында стационарлық жылдамдық өлшегіштер арқылы 90 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Жүйелердің нұсқамалары бойынша жүргізушілерге 1 миллиард теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

– Аталған жүйелерді енгізу жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тиімді қадам болды. Олар орнатылған жерлерде жол-көлік оқиғаларының саны азайғаны байқалады, – деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінде. 

Биылғы жылы жылдамдықты арттырғаны үшін 90 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 813 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Айта кетейік, «Zerek-2» аппараттық-бағдарламалық кешені көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын автоматты түрде өлшеуге және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тануға арналған. Ал «Кибер-Шериф» кешені жол қозғалысы ережелерін бұзған көлік құралдарын бейнежазбаға түсіріп, мемлекеттік нөмірлерді анықтап, оларды іздеу базалары бойынша автоматты түрде тексеріп, инспекторларды хабардар етеді. «Оракул» кешені ЖҚЕ бұзушылықтарды тіркеп, бейнематериалдарды онлайн режимінде әкімшілік полицияға жібереді.