Павлодар облысында жаңа орман тәлімбағы салынады

Павлодар облысында жаңа орман тәлімбағы салынады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Аталмыш тәлімбақ үш шаруашылықтың сұранысын өтемек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жабық тамыр жүйесі арқылы көшет өсіретін жаңа орман тәлімбағын салу жоспарланып отыр. Нысан іске қосылған жағдайда жылына шамамен алты миллион дана отырғызу материалын алуға болады.

Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың мәліметінше, жоба облыс әкімдігіне қарасты үш коммуналдық орман шаруашылығының қажеттілігіне қарай қолға алынған.

– Бүгінде өңірде тұрақты жұмыс істеп тұрған үш орман тәлімбағы бар. Біріншісі Шалдай ауылына жақын Шалдай филиалында, екіншісі Шақа ауылына жақын Бесқарағай филиалында орналасқан. Бұл нысандар «Ертіс орманы» резерватының құрамында болса, үшіншісі Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде. Олар өз қарамағындағы мекемелердің қажеттілігін ғана өтейді. Ал коммуналдық орман шаруашылықтарында мұндай база жоқ. Сондықтан қажетті көшеттерді өзге өңірлерден алуға тура келеді, – деді Сағын Төлеутаев.

Жаңа өндіріс орнын Павлодар ауданындағы Мичурин ауылдық округі аумағына орналастыру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа шамамен тоғыз гектар жер қарастырылған.

Нысанда көшеттерді жабық тамыр жүйесімен өсіру технологиясы қолданылады. Мұндай тәсіл өсімдіктің тамырын арнайы ортада сақтауға мүмкіндік беріп, көшетті жылдың кез келген уақытында дайындауға жағдай жасайды.

Жобаның алдын ала құны үш миллиард теңге шамасында бағаланып отыр. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Құжаттар дайын болғаннан кейін құрылысқа қажетті қаражат көлемі нақтыланады.

Қаржыландыруды «Жасыл даму» АҚ есебінен лизинг тетігі арқылы ұйымдастыру жоспарланған. Алдын ала есеп бойынша қарыз мөлшерлемесі үш пайыздан жоғары болмайды. Оны жеті жыл көлемінде өтеу қарастырылған.

Бастапқы уақытта тәлімбақта орман алқаптарын қалпына келтіруге қажетті негізгі көшет түрлері өсіріледі. Атап айтқанда, қарағай мен қарағашқа басымдық берілмек. Кейін сұраныс артқан жағдайда басқа да ағаш түрлерін өсіру бағытын кеңейтуге болады.

Еске сала кетейік, биыл облыста 4089 гектар аумаққа шамамен 23 миллион көшет отырғызу көзделген. Алайда мамандар көшеттердің жерсінуіне құрғашылық әсер етіп отырғанын атап өтті.