Павлодар облысында жаңарған ауыл мектебі жаңа оқу жылын қарсы алуға дайын
Аталмыш білім ордасының іргетасының қаланғанына 60 жылдан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданына қарасты Луганкс ауылындағы білім ошағы 1964 жылы салынған. Биыл мектепке толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда білім ошағының ғимаратының қасбеті жаңартылып, ішкі бөлмелер, оқу кабинеттері мен ортақ пайдаланылатын орындар ретке келтірілді. Сонымен қатар, еден жабындарын, төбелерді, есіктерді, жарықтандыру жүйесі мен электрмен жабдықтауды жаңарту жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, санитарлық бөлмелерге де ерекше көңіл бөлінді. Жаңа санитарлық-техникалық құралдар орнатылып, дәретхана бөлмелері мен кабиналары жаңартылды. Сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар қоса жүргізілді.
Ғимаратқа іргелес аумақ та жаңартылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға тротуарлық плиткалар төселді. Бұл жұмыстар мектептің сыртқы көрінісін айтарлықтай жақсартып қана қоймай, ғимаратқа келетін жолдарды да қолайлы әрі қауіпсіз етті.
Негізгі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қазіргі таңда мектеп ұжымы оқу кабинеттеріне жиһаздарды орналастыру және бөліп-тарату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Парталар, орындықтар және басқа да мектеп жабдықтары кабинеттерге қайта әкелініп, оқу процесін ұйымдастыру ерекшеліктеріне байланысты орналастырылуда.
Айта кетелік, бүгінде мектепте 284 оқушы білім алады. Сонымен қатар, білім беру мекемесінде 37 тәрбиеленуші баратын шағын орталық жұмыс істейді.