Павлодар облысында жол-көлік апатынан 100-ден астам адам жарақат алды

Полиция жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді құлаққапты шешуге және ұялы телефонға қарамауға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері өңір аумағында 79 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 114 адам жарақат алып, 8-і қаза тапты.
– Жолдардағы қауіпсіздік деңгейі бірқатар факторларға байланысты: бұл –көлік құралдарының техникалық жағдайы, қозғалысты ұйымдастыру, жол-көлік апаты кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетудің уақтылығы және басқа да себептер, – деді департаментте.
Жол қозғалысының қарапайым ережелерін сақтамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
– Жаяу жүргіншінің «қызыл» сигналға, жолды белгісіз жерден өтіп бара жатқанын немесе жақын келе жатқан көліктің алдынан шығып өтетін жағдайлар болады. Бұл – жол жүру ережелерін бұзу ғана емес, сонымен қатар, жаяу жүргіншілер үшін үлкен қауіп. Көбінесе жолдан өту кезінде жаяу жүргіншілер жолдың екі жағын тексермей, телефонға қарап немесе құлаққап киіп жүреді. Телефоны бар жаяу жүргінші жолдан алшақтап, қауіпті көрмейді, ал құлаққапта болған кезде жүргізушінің сигналын да, автомобильдің тежегішін де естімейді, – деп атап өтті департаменте.
Полиция азаматтарды жолды тек белгіленген жерлерде, жаяу жүргіншілер өткелдері, жерасты және жерүсті өткелдері арқылы өтуге шақырады.